Баланы қайтадан ана сүтіне үйретудің жалпы сызбасы төмендегідей:
- Қосымша тамақтың 1/3 бөлігін сақтап қойып, оны бірдей мөлшерде тәулігіне 5 немесе 7 рет (жалпы тәулік бойындағы мөлшерге байланысты) әрбір 3 сағатта беріп отыру қажет. Әр тамақтану кезінде бірдей мөлшерде берудің маңызы зор – не кем, не артық емес.
- Алғашқы күндері 2/3 бөлігін бөтелкеден береміз, қалғанын қасықпен, кесемен немесе саусақ не шприцпен. Үйреніп алған соң, бөтелкені толығымен басқа тамақтандыру әдістерімен алмастырасыз. Бұл баланы ана кеудесіне үйретуде өте маңызды іс.
- Дәл осыны емізікке қатысты айтуға болады – егер бала әлі толық үйренбеген болса, одан бірден бас тартқан жөн, немесе егер бала үйреніп қалған болса, ең көбі 3-5 күн ішінде тастату қажет.
- Баланы емшекке үйрету мақсатында балаға таңлайына тигізе отырып, сұқ саусақты сорғызуға болады, осылай оның тілі жаттығады. Мұны сондай-ақ бала қатты жылаған уақытта жасауға болады.
- Баланы жасанды қоспа беретін уақыт аралығында кез келген уақытта емізуге болады. Егер қоспа беру уақытымен сәйкес келіп қалса, онда қоспаның алдында емес, одан кейін беру керек. Түнгі уақытта сағат 12.00, 4.00, 6.00. емізу қажет. Бұл сүттің бөлінуіне жағдай тудыру үшін өте маңызды
- Баламен бірге күндізгі және түнгі ұйқыны ретке келтіру қажет, оны емшек тұсына тақап, жиі көтеріп жүру керек.
- Қоспаны беруді азайтқаннан 3 күн өткен соң, ылғал жаялық тестін өткізу қажет - тәулігіне (24 сағат) бала неше рет несеп шығарғанын санау қажет. Егер жаялық 12-ден көп болса, қоспаны тағы да 10-20 грамға азайтамыз. Қоспаны біртіндеп, мөлшеріне қарай, әрбір 3 күн сайын несеп шығаруын қадағалап отырып, азайту қажет.
- Әрбір 7 күн сайын баланың салмақ қосу динамикасын біліп отыру үшін, өлшеп отыру қажет. Ол салмағына әр аптада ең кемі 125 грамнан қосып отыруы қажет.
- Сондай-ақ сүттің бөлінуі үшін бір емізгенде бір емшектен екіншісіне 5-6 рет ауыстырып отыру қажет, емізу арасында әр емшекті 5-7 минут ағызып алу қажет, сүттің бөлінуіне ықпал ететін атқұлақ, аскөк, бойдана тұқымдарының жиынтығын ішу қажет.
- Бала емшекке үйренгенше далаға уақытша шықпай тұру қажет (шамамен 1 апта), өйткені далаға шығу бөтелкеден айырып жатқан бала үшін қосымша стресс болады.
- Алғашқы уақытта бала тынымсыз болып, аз ұйықтауына дайын болыңыз. Бала жаңа режимге бойын үйретіп алғаннан соң, бәрі қалпына келеді.
- Әдетте баланы судың сыңғыры, фен, шаңсорғыш шуылы сияқты дыбыстар тынышталдырады. Мұны бала қатты жылаған кезде қолдануға болады.
- Бала тыным тауып, емшекке тез үйреніп кетсе, бұл жақсы белгі, анасы бәрін дұрыс жасаған болса, бұл, әдетте 3-4 күн ішінде жүзеге асады.
Бұл жерде баланы қайтадан ана сүтіне үйретудің жалпы сызбасы ғана көрсетілгенін атап кеткеніміз жөн. Егер мұны жүзеге асыру қиынға соқса, учаскелік педиатрыңыздың көмегіне жүгінгеніңіз жөн. Балаңызды Дұрыс Емізуге тілектеспіз! Өйткені сәби үшін ең маңыздысы – бұл ана сүті...
Ж. К. Алтаева, СӨСҚ орталығының баланы ана сүтімен емізу жөніндегі дәрігер-үйлестірушісі
